Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – мәселе туындағаннан кейін ғана әрекет ету емес, инвесторлар тап болуы мүмкін кедергілерді алдын ала анықтау. Бұл жобалардың іске асу мерзімі мен құнына кері әсер ететін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Инвестициялық жобаларды Alatau City Authority сүйемелдеп, инвесторлардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылына көмектеседі. Ал құқықтық немесе әкімшілік сипаттағы мәселелер туындаған жағдайда оларды шешуге прокуратура органдары араласады. Қажет болған жағдайда дауларды сотқа дейін реттеу тетіктері қолданылады.
Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералының айтуынша, инвестициялық көрсеткіштердің артында нақты бизнес пен инвесторлардың Қазақстанға деген сенімі тұр.
«Біздің міндет – туындаған мәселелерге әрекет ету ғана емес, жобаны іске асырудың ерте кезеңінде олардың алдын алу. Меморандум Alatau City Authority мен прокуратураның мүмкіндіктерін біріктіріп, бизнес мәселелерін жедел шешуге және инвесторларды жобалар жүзеге асырылып жатқан жерде қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Бауыржан Ералы.
Прокуратураның мәліметінше, инвесторларды қорғаудың мұндай тәсілі елімізде қазірдің өзінде қолданылып келеді. Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан бойынша 3,4 мың жобаны сүйемелдейді. Бұл бағытта цифрлық мониторинг, дербес прокурор институты, прокурорлық сүзгі және дауларды сотқа дейін реттеу құралдары пайдаланылады.
Alatau City-де 6,9 млрд доллардың жобалары жүзеге асырылмақ
Қазіргі уақытта Alatau City-дің инвестициялық пулында жалпы құны шамамен 6,9 млрд доллар болатын 67 жоба бар. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген.
Қалада PepsiCo, Mars Petcare секілді халықаралық компаниялардың жобалары іске асырылып жатыр немесе іске қосуға дайындалуда. Сондай-ақ Griffin Logopark логистикалық кешені, G-Trans Service, «ДанаФлекс» және басқа да қазақстандық әрі халықаралық компаниялардың жобалары бар.
Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, қаланың инвестициялық тартымдылығы экономикалық әлеуетпен ғана емес, инвесторлардың құқықтарын қорғаудың түсінікті әрі тиімді тетіктерімен де байланысты.
«Біздің міндет – инвестициялық жобаларды жүйелі сүйемелдеуді, туындаған мәселелердің уақтылы қаралуын және әкімшілік кедергілерді азайтуды қамтамасыз ету. Қол қойылған меморандум прокуратура органдарымен өзара іс-қимылды күшейтіп, инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудың қосымша механизмдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Alatau City Authority құрылыс салушы немесе бақылаушы орган емес. Ұйымның негізгі міндеті – инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, инвесторлардың мемлекеттік органдармен жұмысын үйлестіру және бірнеше ведомствоға қатысты мәселелерді шешуге көмектесу.
2026 жылы «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң қабылданған. Құжатта инвестиция тарту мен инвесторларды қорғауға арналған бірқатар тетік қарастырылған.
Alatau City Authority мен прокуратура арасындағы жаңа меморандум осы жүйені толықтырып, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жеделдетуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде кездесетін әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған.





