Сайлау күні облыс аумағында 683 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Дауыс беру барысын саяси партиялар мен аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер атынан 3200-ден астам байқаушы, сондай-ақ кандидаттардың сенімді өкілдері қадағалады.
Бақылау учаскелер ашылған сәттен бастап бюллетеньдерді беру, дауыс беру процесі, оның аяқталуы және дауыстарды санауға дейінгі негізгі кезеңдерді қамтыды. Алдын ала мониторинг қорытындысы бойынша дауыс беру барысы мен нәтижесіне елеулі ықпал ететін заңбұзушылықтар тіркелмеген. Байқаушылар учаскелердегі рәсімдердің заң талаптарына сәйкес жүргізілгенін атап өтті.
Алматы облысында сайлау күні дауыс берумен қатар түрлі қоғамдық, спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылды. Олардың бірқатары ерекше форматымен есте қалды.
Кәсіби парашютші Тимофей Меркулов сайлау учаскесіне жақын аумаққа парашютпен қонса, парапланшы Ескендір Жүнісов дауыс беруге әуеден жетті. Сондай-ақ көкке үлкен әуе шары көтерілді.
Қонаевта спортшылар Қапшағай су қоймасын желкенді қайықтармен кесіп өтіп, қалалық жағажайда флайборд-шоу ұйымдастырды.
Сайлау күніндегі белсенділік мұнымен шектелген жоқ. Дрифт-шоуға қатысушылар спорттық көліктермен келсе, «Эндуро» мотоклубының өкілдері мотошеру өткізді. Кәсіби велошабандоздар сайлау учаскесіне велосипедпен барды. Ал Шеңгелді ауылдық округінің шаруалары дауыс беруге егіс алқабынан тікелей тракторлар және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларымен жетті.
Сайлау әртүрлі буын мен мамандық өкілдерін бір алаңда тоғыстырды. Дауыс беруге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, еңбек ардагерлері, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының мүшелері, көпбалалы отбасылар және биыл алғаш рет сайлау құқығына ие болған жастар қатысты.
Өз таңдауын танымал спортшылар мен өнер өкілдері де жасады. Сайлау учаскелеріне Олимпиада жүлдегерлері, әлем және Азия чемпиондары, ұлттық құрама спортшылары, аралас жекпе-жек шеберлері мен ауыр атлеттер келді. Бірқатар өнер иелері дауыс бергеннен кейін тұрғындар алдында өнер көрсетті.
Заманауи технологиялар да сайлау күніндегі шаралардан тыс қалмады. Қонаев қаласындағы учаскелердің бірінде сайлаушыларды үш тілде сөйлейтін роботтар қарсы алды. Ал суретші шәкіртімен бірге учаскедегі сәттерді қағаз бетіне түсірді.
Қарғалы ауылында тұрғындарға тегін медициналық тексеруден өтіп, мамандардан кеңес алуға мүмкіндік жасалды.
Осылайша, сайлау күні Алматы облысының қалалары мен аудандарында әуе және судағы көрсетілімдерден бастап спорттық, мәдени және ұлттық сипаттағы ондаған шара ұйымдастырылды. Оларға түрлі жастағы және әртүрлі салада еңбек ететін тұрғындар қатысты.
Сағат 20:00-де сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды. Учаскелік сайлау комиссиялары дауыстарды санауға және тиісті хаттамаларды рәсімдеуге кірісті.
Құрылтай депутаттарын сайлаудың түпкілікті нәтижелерін Орталық сайлау комиссиясы заңнамада белгіленген мерзімде анықтайды.





