Ұлттық құрама спортшылары жарыс алдында Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» ипподромында дайындықтан өтті. Мұнда көкпаршылар мен шабандоздардың жаттығуына, аттарды жарысқа баптауға жағдай жасалған. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ипподромға барып, спортшылармен кездесті және алдағы әлемдік додада сәттілік тіледі.
Әкімдік мәліметінше, соңғы төрт жылда Алматы облысында ұлттық спорт түрлерімен айналысатын бірінші нөмірдегі спортшылар саны 150-ден 837-ге дейін артқан.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына баратын Қазақстан құрамасына Алматы облысынан 14 спортшы енді. Оның бесеуі көкпардан сынға түседі. Сондай-ақ бәйгеге қатысатын тоғыз шабандоз бен аттың басым бөлігі Алматы облысынан жасақталған.
Марат Сұлтанғазиев спортшылармен кездесу барысында ұлттық спортты дамыту – дәстүрді сақтап, оны келесі буынға жеткізудің маңызды жолдарының бірі екенін айтты.
«Бұл додада сіздерге елдің артып отырған сенімі зор. Ат үстінде бабадан қалған өнерді жалғастырып, көкпардың абыройын асқақтатып жүргендеріңіз – өз алдына үлкен мәртебе. Сіздердің жеңістеріңіз – барша қазақстандықтардың қуанышы. Еліміздің Көк байрағын биікте желбіретіп, елге жақсы жаңалықпен ораласыздар деп сенемін», – деді облыс әкімі.
Сапар барысында облыс әкімі «Көкбастау» ипподромын дамыту жобасымен де танысты. Жоспар бойынша нысан ұлттық ойындар мен ат спортын дамытуға, ірі жарыстар өткізуге және тұрғындардың демалысына арналған заманауи спорттық-мәдени кешенге айналмақ.
Мұнда ат жарыстарына арналған алаң, көрермендер трибунасы, төрешілер аймағы, заманауи ат қоралар, жылқыларды дайындап, күтіп-бағуға арналған қосалқы нысандар салу көзделген. Сонымен бірге жаттығу алаңдары, демалыс орындары, жаяу жүргіншілер жолы мен автотұрақ қарастырылған.
Марат Сұлтанғазиев инвесторлармен бірлесіп, туристерге қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруды тапсырды. Оның айтуынша, нысанның Алматы қаласына жақын орналасуы мен табиғи ерекшеліктері аумақты спорт пен туризмді ұштастыратын орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кешен аумағында балалар мен жастарға ұлттық спортты үйрететін арнайы мектеп ашу идеясы ұсынылды.
«»Көкбастау» қазірдің өзінде ұлттық спортты дамытуға арналған жақсы орталыққа айналған. Енді соны ары қарай жүйелі түрде жетілдіру қажет. Ең алдымен инфрақұрылымды дамытып, қонақтарға жайлы жағдай туғызу керек. Соның арқасында туристер саны да артады әрі ұлттық ойындарымызды кеңінен насихаттаймыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтеді. Ашылу салтанаты Бішкекте ұйымдастырылса, негізгі спорттық жарыстар Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласы мен Қырчын шатқалында өтеді.
2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 елден 2430 спортшы қатысқан. Сол додада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленген.





