Конференцияға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Айқожа Әбсадықов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, аудан және қала әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен педагогтер қатысты.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдегі білім беру саласын дамытудың үш негізгі бағытын атады. Біріншісі – үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, заманауи білім ошақтарын салу және цифрлық сауаттылықты дамыту. Екіншісі – өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырып, жауапты азаматтық ұстанымын қалыптастыру. Үшіншісі – еңбек нарығына қажетті бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.
Биыл облыстың білім саласын қаржыландыру көлемі 458,2 млрд теңгеге жеткен. Өңірде оқушылар саны жыл сайын 7–10 мың балаға көбейіп келеді. Осыған байланысты педагогтерге деген сұраныс та артып, олардың жалақы қорына жыл сайын қосымша 7 млрд теңге бөлінуде.
Білім сапасы 69,5 пайызға жетті
Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұмановтың мәліметінше, өңірдегі бес білім ошағы Қазақстанның ең үздік 100 мектебінің қатарына енген.
2025–2026 оқу жылында пәндік олимпиадаларға облыстан 541 оқушы қатысып, оның 303-і жүлделі орын иеленді. Халықаралық байқауларда 29 оқушы жеңімпаз атанды. Екі жыл қатарынан Алматы облысының түлектері ҰБТ-дан ең жоғары – 140 балл жинаған.
Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы білім сапасы 68,9 пайыздан 69,5 пайызға өсті. Ал дарынды балалардың үш жылдағы жүлделі орындарға ие болу сапасының көрсеткіші 54 пайызға артқан.
Қазіргі уақытта өңірде 34 767 педагог еңбек етеді. Олардың 74,8 пайызының біліктілік санаты бар. Жаңа форматтағы біліктілік санатына ие мұғалімдердің үлесі биыл 28,2 пайызға жетіп, 7,1 пайызға артқан.
Балабақша кезегі екі есеге жуық қысқарды
Мектепке дейінгі білім беру саласында да жаңа тәсілдер енгізілуде. Өткен жылдың маусым айынан бастап Қонаев қаласындағы 24 мектепке дейінгі ұйымда 2 951 орынға арналған ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы іске қосылған.
Нәтижесінде балабақша кезегіндегі балалар саны 963-тен 470-ке дейін азайған.
Сонымен қатар ата-аналарға арналған 365 кеңес беру орталығы жұмыс істейді. «Балақайлар мектебі» жобасы аясында 7 223 бала мектепке дейінгі даярлықтан өткен.
Колледждерде жаңа мамандықтар ашылады
Өңірде еңбек нарығының сұранысына сай жаңа мамандықтарды енгізуге биыл 500 млн теңге бөлінді. Колледждердің материалдық-техникалық базасы да кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.
«WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатында Алматы облысының 12 студенті жүлделі орындарға ие болды. Өңір колледждерінің Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия және басқа мемлекеттердің білім беру ұйымдарымен халықаралық байланысы студенттер мен педагогтердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп отыр.
Соңғы төрт жылда жергілікті бюджет есебінен жастарға 239 білім гранты бөлінген. Биыл тағы 35 грант қарастырылды. Бұған қоса, Қытай тарапы ұсынған білім гранттары бойынша 2024 жылдан бері облыстың 65 түлегі Қытайда білім алып жатыр.
Оқушылардың құқықтық сауаттылығына басымдық беріледі
Конференцияда балалардың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығына ерекше назар аударылды. Талғар ауданы прокуратурасының аға прокуроры Диас Сұлтан ауданда «Заң мен тәртіп» азаматтық тәлімгерлік пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«Жобаға 10 мектеп пен 3 колледж қатысып, прокуратура, полиция және адвокатура органдарының 13 ардагері тәлімгер ретінде тартылды. Олар 7–10 сынып оқушылары мен колледж студенттерімен құқықтық тақырыптарда пікірталас, тренинг және профилактикалық кездесулер өткізді. Нәтижесінде оқушылардың құқықтық білімді меңгеру деңгейі 90 пайыздан асты», – деді Диас Сұлтан.
Биыл жобаға тағы 35 білім беру ұйымын қосу жоспарланған. Бастама буллинг пен кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың және өзге де келеңсіз жағдайлардың алдын алуды көздейді.
Облыс әкімі осы бағытта білім беру, полиция және денсаулық сақтау салалары бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігін айтып, тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алынып тасталады
Жиында жаңа оқу жылындағы білім беру бағдарламаларына енгізілетін өзгерістер де таныстырылды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Айқожа Әбсадықовтың айтуынша, оқу бағдарламалары балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып қайта қаралған.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау көзделген. 5–9 сыныптарда іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқытуға басымдық беріліп, 8–9 сыныптарға «Қазақстан географиясы» пәнін аптасына екі сағат көлемінде енгізу қарастырылуда.
Сонымен бірге білім саласындағы қаржының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында «Есеп» бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
350 мың оқушы экологиялық акцияға қатысты
Білім беру ұйымдарында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар да жалғасуда. Биыл 350 мың оқушының қатысуымен «Болашақты бірге отырғызайық» акциясы ұйымдастырылды. Сондай-ақ мектеп түлектері мен танымал тұлғалардың қатысуымен «Бүгінгі күн – ертеңгінің өркені» және «Жайна, туған өлкем!» челлендждері өткізілді.
Конференция қорытындысында өткен оқу жылындағы жұмыстар сараланып, 2026–2027 оқу жылына арналған негізгі міндеттер белгіленіп, тиісті қарар қабылданды.
Жиын соңында білім беру саласына елеулі үлес қосқан ұстаздар «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілерімен, сондай-ақ Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.





