Инспекциялық сапар аясында ОСК хатшысы бірқатар сайлау учаскелерін аралап, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарына қатысты. Сонымен қатар өңірдің мемлекеттік органдары басшыларының қатысуымен кеңес өткізіліп, сайлауға дайындық жұмыстары жан-жақты талқыланды.
Кеңесте Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері сайлау науқанына дайындықтың қазіргі жай-күйі туралы баяндама жасады.
Шавхат Өтемісовтің айтуынша, биыл сайлаушылардың дауыс беру процесіне қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар цифрлық сервистер іске қосылады.
«Азаматтарға өздерінің қай сайлау учаскесіне тіркелгенін жедел анықтауға мүмкіндік беретін онлайн-сервистер жұмыс істейді. Сонымен қатар түрлі себептермен тіркеуде жоқ азаматтардың дауыс беруіне мүмкіндік беретін сервистер де іске қосылады. Барлық өңірде call-орталықтар ашылды. Осы мүмкіндіктер туралы халыққа жан-жақты ақпарат беру маңызды. Сонымен бірге учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту жалғасады, ал сайлаушыларға, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қажетті жағдай жасалады. Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын толық қамтамасыз ету де басты назарда болады», – деді ОСК хатшысы.
Алматы облысында Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыру үшін барлығы 695 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында 4 800-ден астам комиссия мүшесі сайлау науқанын өткізуге жұмылдырылған.
Инспекциялық сапар барысында учаскелік сайлау комиссияларының материалдық-техникалық дайындығы, дауыс беру орындарының қолжетімділігі, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығы тексерілді.
Орталық сайлау комиссиясының өкілдері сайлау науқанының барлық кезеңінде заң талаптарының қатаң сақталуы, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ сайлаушылар, байқаушылар және БАҚ өкілдерінің құқықтарын қорғау басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.





