Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта өткен салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, тұрғындарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.
Өңір басшысы бұл мереке 2018 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілгеннен бері ұлттық мәдениетті ұлықтайтын маңызды рухани мерекеге айналғанын атап өтті.
Әкім өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық домбыра күніне қатысты айтқан пікіріне тоқталып, домбыраның ұлттың тарихи жадын, дүниетанымы мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін ерекше құндылық екенін айтты.
«Домбыра – қазақтың жаны, тарихы мен болмысын бойына жинаған қасиетті мұра. Оның қос ішегінен төгілген күй халқымыздың сан ғасырлық шежіресін, қуанышы мен мұңын, рухы мен дүниетанымын бүгінгі күнге жеткізіп келеді», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімі 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда тарихи және мәдени мұраны сақтау азаматтардың маңызды міндеті ретінде бекітілгеніне ерекше назар аударды.
Оның айтуынша, Ата Заңда ұлттық мәдени құндылықтарды қорғауға қатысты нормалардың нақты көрініс табуы қазақтың рухани мұрасын сақтауға бағытталған мемлекеттік саясаттың сабақтастығын көрсетеді.
Сондай-ақ өткен жылы ЮНЕСКО көлемінде кеңінен аталып өткен көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы қазақтың күй өнерінің халықаралық деңгейдегі мәртебесін арттырған маңызды оқиға болғаны атап өтілді.
Өңірде күй өнерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Алматы облысында дәстүрлі өнерді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Бүгінде өңірдегі домбыра үйірмелері мен шығармашылық ұжымдар жас таланттарды тәрбиелеуге белсенді атсалысып келеді. Биыл облыс өнерпаздары Қытай, Марокко, Франция және түркі мемлекеттерінде өткен халықаралық мәдени іс-шараларда қазақтың ұлттық музыкасын таныстырып, ел мерейін үстем етті.
Бұл халықаралық тәжірибе жас күйшілердің кәсіби дамуына серпін беріп, өңірдегі дәстүрлі өнер мектебінің дамуына жаңа мүмкіндік ашып отыр.
Мерекелік кеште Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі күйші-композитор Секен Тұрысбек ұлттық аспаптың кейінгі буын арасында кеңінен насихатталып келе жатқанын қуанышпен атап өтті.
Оның айтуынша, Ұлттық домбыра күні ресми мереке ретінде белгіленгелі бері домбыра үйренуге қызығатын жастардың қатары көбейген.
«Домбыраның қасиетін тек мереке күндері ғана емес, күнделікті өмірде де ұлықтауымыз қажет. Ұлттық аспап төрден түспесе, кейінгі ұрпақ та оның қадірін терең сезінеді», – деді белгілі күйші.
Мерекелік концертте Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина, «Алатау серілері» тобы, «Ақ жауын» камералық оркестрі және Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары өнер көрсетті.
Олар халық күйлері мен ұлттық музыканың үздік туындыларын орындап, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік шара қазақтың күй өнерін ұлықтап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен ұлттық рухты сіңіру жолындағы маңызды мәдени оқиғаға айналды.





