Оқиғаға қатысты Алматы облысы Полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, бейнежазбада көрініс тапқан оқиғаның барлық қатысушылары анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Тексеру барысында зардап шеккен азамат құқық қорғау органдарына ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, полицияға арыз жазудан бас тартқан.
Соған қарамастан, полиция кәмелетке толмағандардың әрекетіне құқықтық баға беріп, олардың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар оқиғаға қатысты жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды.
Полиция департаменті жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттеріне заң аясында тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.
Құқық қорғау органдары ата-аналарды балалардың бос уақытын бақылауға, олардың мінез-құлқына жауапкершілікпен қарауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударуға шақырды.





