Алдын ала мәлімет бойынша, 1988 жылы туған әйел тау соқпағымен төмен түсіп келе жатқан кезде тайып құлап, құйымшақ тұсынан жарақат алған. Оқиға туралы хабар түскен бойда Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Құтқару қызметінің мамандары оқиға орнына жедел жеткен.
Құтқарушылар зардап шеккен азаматшаны арнайы зембілге жатқызып, қауіпсіз жерге эвакуациялады. Ол Алмарасан автотұрағына жеткізіліп, сол жерде жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Кейін әйел медициналық тексеруге жіберілді.
ТЖМ мәліметінше, құтқару жұмыстары барысында маршрутта болған тағы екі әйелге де көмек көрсетілген. Алайда олардың жағдайы қанағаттанарлық болғандықтан, медициналық көмек қажет болмаған.
Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығатын азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мамандар ауа райын алдын ала бақылап, маршруттың күрделілік деңгейін ескеруге, ыңғайлы аяқ киім мен қажетті құрал-жабдықтарды алып жүруге кеңес береді. Сонымен қатар туристерге жалғыз жолға шықпау және жақындарына жүретін бағыты туралы алдын ала хабарлап қою ұсынылады.





