Өңірлік нышанның авторы – суретші, өнер магистрі Думан Жақанұлы Жақанов.
Өңірлік нышанның дәл ортасында көгілдір түсті шеңбер орналасқан. Оның ішінде күн сәулесінің аясында біздің дәуірімізге дейінгі V–IV ғасырларға жататын сақ жауынгерінің алтын бас киімі бейнеленген. Ал оның екі жағында ежелгі Есік қорғанынан табылған қанатты қар барыстарының бейнесі орналасқан.
Алтын бас киімнің жоғарғы бөлігінде Іле Алатауының графикалық көрінісі, ал төменгі жағында өңірдің басты су артериясы – Іле өзенінің толқындары бейнеленген.
Шеңбердің жоғарғы бөлігінде қазақ халқының қасиетті символы – шаңырақ, екі қапталында алма жемістері, ал төменгі жағында «АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ» деген жазу орналастырылған.
Сыртқы жиекте Алтын адамның қанжарында кездесетін қыран құсының басы бейнеленген ою-өрнек элементтері қолданылған. Барлық белгілер алтын түспен бедерленіп, батылдықты, байлықты және елдің өркендеуін білдіреді.
Өңірлік нышандағы әрбір элемент Алматы облысының тарихи және мәдени ерекшеліктерін танытады.
Нышанның басты белгісі – Есік қорғанынан табылған Алтын адамның бас киімі. Бұл – сақ дәуірінің ең құнды археологиялық жәдігерлерінің бірі.
Бас киімдегі қанатты тұлпар, арқар, таутеке мен жебе бейнелері ежелгі сақ өркениетінің дүниетанымын айшықтайды және Алматы облысының тарихи мұрасын көрсетеді.
Нышандағы Іле Алатауының бейнесі – өңірдің табиғи символы әрі туристік бренді.
Қазақстанның ең көрікті тау жоталарының бірі саналатын Іле Алатауы өңірдің табиғи әлеуетін және экологиялық ерекшелігін білдіреді.
Шаңырақ
Қазақ халқы үшін шаңырақ – отбасының, бірліктің, ұрпақ сабақтастығының және ұлттық құндылықтардың символы.
Өңірлік нышанда бұл белгі халықтың тұтастығы мен берекесін бейнелейді.
Қанатты барыс
Қос қанатты қар барысының бейнесі Есік қорғанынан табылған көне жәдігерлер негізінде алынған.
Қар барысы ежелден батылдықтың, еркіндіктің және қуаттың белгісі ретінде танылған.
Алма мен өмір ағашы
Өңірлік нышанда алма жемісі өмір ағашымен және ұлттық ою-өрнекпен тұтас композиция ретінде бейнеленген.
Бес алма Алматы облысының бес аймағын білдіреді.
Ал апорт алмасы Іле Алатауының баурайында өсетін өңірдің басты бренді ретінде табиғаттың молшылығы мен құнарлылығын айшықтайды.
Ал өмір ағашы – тіршіліктің, жаңарудың, сабақтастықтың және жер мен көктің бірлігінің символы.
Композициядағы қазақтың ұлттық ою-өрнегі ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде қолданылған.
Іле өзені
Нышанның төменгі бөлігіндегі толқындар Алматы облысының ең ірі өзені – Іле өзенін бейнелейді.
Ұзындығы 1469 шақырымды құрайтын Іле өзені Текес пен Күнгес өзендерінің қосылуынан басталып, Қапшағай су қоймасы арқылы Балқаш көліне құяды. Оның 815 шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.
Өңірдің болмысын танытатын жаңа символ
Алматы облысының жаңа өңірлік нышаны – өңірдің өткені мен бүгінін, тарихи мұрасы мен табиғи байлығын, ұлттық құндылықтары мен даму әлеуетін бір композицияға тоғыстырған ерекше белгі.
Онда сақ өркениетінің мұрасы, қазақ халқының рухани құндылықтары, табиғи ерекшеліктері және өңірдің туристік бренді үйлесімді көрініс тапқан. Осы арқылы жаңа өңірлік нышан Алматы облысының бірегей келбетін айқындайтын ресми символдардың біріне айналып отыр.





