Ведомство хабарлауынша, алаяқтар интернет желілерінде пәтерлер мен тұрғын үйлердің әдемі фотосуреттерін пайдаланып, нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен ұсыныстар жариялайды. Кейін тұрғын үйді брондау немесе сақтап қою сылтауымен алдын ала төлем мен кепілақы аударуды талап етеді. Ақшаны алған соң байланысқа шықпайды немесе көрсетілген мекенжайдағы тұрғын үйдің мүлде жоқ екені анықталады.
Прокуратура 2026 жылдың алғашқы бес айында республика бойынша көрсетілмеген қызметтер үшін ақша алу фактілеріне байланысты 1700-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелгенін айтады. Оның ішінде 130 жағдай Алматы облысында орын алған.
Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Алматы облысының прокуратурасы ірі интернет-платформалармен және цифрлық сервистермен бірлескен жұмысты күшейткен.
Атап айтқанда, Алматы облысының прокуратурасы мен «OLX Group» ЖШС арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында интернет-алаяқтық фактілерін анықтау және олардың жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Прокуратура мәліметінше, бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде тәуліктік тұрғын үйді жалға беру туралы жарияланған 500-ден астам жалған хабарландыру бұғатталған.
Қадағалау органы азаматтарға тұрғын үйді жалға алу кезінде алдын ала төлем жасамас бұрын хабарландырудың шынайылығына көз жеткізіп, меншік иесінің жеке басын және тұрғын үйдің нақты бар екенін тексеруге кеңес береді.
Сондай-ақ күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, тексерілген платформаларды пайдалануға және алаяқтық белгілері байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.





