1987 жылы салынған нысан алғаш рет ауқымды күрделі жөндеуден өтіп, толық жаңғыртылды. Жөндеу жұмыстары аясында ғимараттың шатыры мен қасбеті жаңартылып, ішкі бөлмелері жөнделді, инженерлік желілер ауыстырылды және аумақ абаттандырылды.
Министрге жаңартылған диспетчерлік пункт таныстырылып, тәулік бойы гидрометеорологиялық жағдай мен тау бассейндерінің жай-күйін бақылаумен айналысатын мамандар үшін жасалған заманауи жұмыс жағдайлары көрсетілді.
Бүгінде бақылауда Қаскелең, Шамалған және Қырғауылды өзендері, сондай-ақ табиғи факторлардың әсеріне бейім бірқатар қауіпті учаскелер бар. Мониторинг сапасын арттыру мақсатында бөлімшеде автоматтандырылған бақылау жүйесі енгізілген. Бұл жүйе табиғи жағдайлардың өзгерісін нақты уақыт режимінде бақылауға және қауіп туындаған жағдайда жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Ерекше назар Қаскелең өзенінің бассейніне аударылып отыр. Мамандардың мәліметінше, бұл аумақ сел қаупі бойынша бірінші санатқа жатады. Өзеннің жоғарғы ағысында жалпы көлемі 2,5 миллион текше метрден асатын 31 мұздық пен 23 мұздық көлі орналасқан.
Қауіпті аймаққа Қаскелең қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендер кіреді. Жалпы алғанда, мұнда шамамен 60 мың адам тұрады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жүргізілген жаңғырту жұмыстары сел және көшкін қаупін бақылау тиімділігін арттырып, төтенше жағдайлардың алдын алу мүмкіндігін күшейтеді. Сонымен қатар жаңа жүйелер өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және табиғи апаттардың салдарын азайтуға ықпал етеді.
Мамандар климаттық өзгерістер жағдайында сел қаупі жоғары өңірлерде заманауи бақылау инфрақұрылымын дамыту халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі болып қала беретінін айтады.





