Іс-шараны Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыстық Полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырды. Акция барысында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы өртке қарсы жағдай тексеріліп, арнайы техникалардың өтуіне кедергі келтіретін факторларға назар аударылды.
Мамандар өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар кезінде әрбір минут маңызды екенін айтады. Сондықтан өрт сөндіру көліктерінің тұрғын үйлердің аулаларына кедергісіз кіруі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі болып саналады.
Рейд барысында өрт сөндіру техникаларының қозғалысына бөгет келтіретін заңсыз қойылған автокөліктер анықталды. Тәртіп сақшылары жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңызын түсіндірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша үш азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, құтқарушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін тағы бір мәрте еске салып, көпқабатты үйлердің аулаларында арнайы қызмет көліктеріне арналған жолдарды бос ұстауға шақырды.
Мамандардың пікірінше, мұндай профилактикалық шаралар төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Алматы облысы ТЖД өкілдері «Еркін жол жүру» акциясы алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.





