Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер Санкт-Петербургтегі В.А. Алмазов атындағы Ұлттық медициналық зерттеу орталығында, Санкт-Петербург мемлекеттік педиатриялық медицина университетінде және Беларусь Республикасындағы «Мать и дитя» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығында білімдерін жетілдірген.
Тағылымдама барысында мамандар балалардағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды ерте анықтау, ерте араласу және дамыту бағдарламалары, жедел кардиология, сондай-ақ хирургиялық ауруларды емдеудегі аз инвазивті технологиялар бағыттары бойынша тәжірибе жинақтады.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов шетелдік тағылымдамалардың өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Дәрігерлердің шетелдік тәжірибеден өтуі өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудың маңызды бөлігі. Алынған білім мен тәжірибені облыстың әрбір ауданында және қаласында тиімді қолданамыз. Бұл әсіресе балалар мен созылмалы аурулары бар науқастар үшін өте маңызды», – деді басқарма басшысы.
Мамандардың айтуынша, халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, өңірлік медицинаға жаңа әдістер мен технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Барлық іссапарлар Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Енді дәрігерлер шетелде меңгерген тәжірибесін күнделікті жұмыста қолданып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсартуға үлес қоспақ.





