Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың жол қауіпсіздігі туралы білімін арттыру, көшеде қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын қалыптастыру және құқықтық мәдениетін дамыту.
Слет аясында қатысушылар жол қозғалысы ережелерін білу, велосипедті мәнерлеп жүргізу, реттеушінің қимылдарын дұрыс орындау, алғашқы медициналық көмек көрсету және жол қауіпсіздігін насихаттау бағыттары бойынша өзара жарысты.
Қазылар алқасының шешімімен жалпыкомандалық есепте Іле ауданының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Талғар ауданының оқушылары иеленсе, үшінші орын Еңбекшіқазақ ауданының командасына бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар бірінші орын алған команда алдағы уақытта Қостанай қаласында өтетін республикалық жас жол инспекторлары слетінде Алматы облысының намысын қорғайды.
Алматы облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Ұлан Көлбайұлы мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталды.
«Мұндай іс-шаралар балалар арасындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, сондай-ақ жасөспірімдердің заң мен тәртіпке деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді. Жас жол инспекторлары жол қауіпсіздігін насихаттап қана қоймай, өз құрдастарына үлгі болып, қоғамда қауіпсіздік мәдениетінің орнығуына үлес қосып келеді», – деді ол.
Мамандардың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алуда балалардың қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан қалыптастыру маңызды. Сондықтан өңірде жол қозғалысы ережелерін насихаттауға бағытталған мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.





