Іс-шара Алматы облысы Полиция департаменті мен «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен «Қазақстандағы зорлық-зомбылықсыз отбасы» республикалық акциясы аясында өткізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға қолдау көрсетіп, олардың мерекелік көңіл-күйін көтеру және қоғам қамқорлығын сезіндіру.
Мерекеге әлеуметтік көмек көрсету орталығында уақытша орналастырылған 3 пен 11 жас аралығындағы 25 бала қатысты. Орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе осындай қауіпке тап болған әйелдер мен балаларға психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік және медициналық көмек көрсетіледі. Бүгінде мекеме 50 адамға дейін қабылдай алады.
Балалар күні бойы аттракциондарда ойнап, түрлі ойын-сауық бағдарламаларына қатысты. Сонымен қатар олар үшін арнайы түскі ас ұйымдастырылып, мерекелік дастарқан жайылды.
Шара барысында полиция қызметкерлері мен орталық мамандары балалармен бірге уақыт өткізіп, оларға қолдау мен қамқорлық көрсетті. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар балалардың өздерін қауіпсіз ортада сезінуіне және қоғамның қолдауын сезінуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.
Іс-шараны ұйымдастыруға Алматы облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы, Қонаев қаласы полиция басқармасы және Family Park ойын-сауық кешенінің басшылығы қолдау көрсетті.





