Жаңа нысанның қызмет көрсету аймағына Ақай Нүсіпбеков, Жалағаш, Жайдақбұлақ, Тоғызбұлақ және Қарабұлақ ауылдары кіреді. Аталған елді мекендерде 7 мыңнан астам тұрғын тұрады.
Өртке қарсы бекет бюджеттен тыс қаражат есебінен салынған. Жобаның жүзеге асуына жергілікті кәсіпкер Қанат Өскенов қолдау көрсеткен. Нысан қысқа мерзім ішінде бой көтеріп, еріктілердің тәулік бойы кезекшілік атқаруына қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілген.
Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа бекетті арнайы техникамен және заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырды. Атап айтқанда, бекетке өрт сөндіру автоцистернасы, өрт-техникалық жабдықтар, арнайы қорғаныш киімдері және байланыс құралдары берілді.
Министрлік мәліметінше, еріктілер арнайы дайындықтан өтеді. Оқыту барысында өрт қауіпсіздігінің негіздері, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері, өрт сөндіру техникасы мен байланыс құралдарын пайдалану тәртібі үйретіледі. Сонымен қатар олардың кәсіби даярлығын сақтау үшін тұрақты түрде практикалық сабақтар мен оқу-жаттығулар өткізіледі. Оқу бағдарламасын аяқтағаннан кейін қатысушылар қорытынды тестілеуден өтеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай ерікті өртке қарсы бекеттердің ашылуы төтенше жағдайларға ден қою уақытын айтарлықтай қысқартып, шалғай ауылдардағы тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Жоба ауылдық жерлердегі азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және өңірлердің төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға бағытталған бастамалардың бірі саналады.





