Оның айтуынша, әлемдік тәжірибе арнайы экономикалық аймақтар тек нақты өкілеттіктерді орталықсыздандырғанда және әкімшілік кедергілер азайғанда ғана тиімді нәтиже береді.
Вице-премьер мысал ретінде Қытайдың Шэньчжэнь және Хайнань өңірлерін келтірді. Онда жергілікті әкімдіктерге салық және инвестициялық саясат бойынша кең өкілеттіктер берілген.
«Шэньчжэнь мен Хайнань тәжірибесі көрсеткендей, бұл қалаларда орталық үкімет жергілікті әкімдіктерге кең құзырет берген. Олар салық шешімдерін қабылдап, алымдарды реттеп, қолдау шараларын басқара алады. Соның нәтижесінде шешімдер жедел қабылданады», – деді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, Хайнань бүгінде ірі сауда-инвестициялық хаб ретінде дамып келеді.
Алатау үшін негізгі бағыттардың бірі – инвесторларға арналған арнайы салықтық режимдер мен инновация саласындағы қолдау тетіктерін енгізу. Сондай-ақ қалалық мобильділіктің жаңа түрлерін, соның ішінде 3000 метрге дейінгі әуе кеңістігін пайдалануды реттеу қарастырылып отыр.
«Біз аэротаксидің алғашқы демонстрациялық ұшуларын өткіздік. Дубай тәжірибесі бойынша барлық мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидатымен реттеу жоспарлануда», – деді вице-премьер.
Жаңа модельде бизнес-лицензия мемлекет пен инвестор арасындағы нақты шарттары бар келісім түрінде қарастырылады.
Үкімет Алатаудың даму стратегиясын ұзақмерзімді мастер-жоспармен бекітуді көздеп отыр. Бұл жоспар тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жиі өзгерістерге жол бермеуі тиіс.
Қанат Бозымбаев атап өткендей, қала дамуы негізінен жеке инвестицияларға сүйенеді, ал мемлекет базалық инфрақұрылыммен айналысады.
«Егер бұл тетіктер тиімді болса, оларды кейін басқа өңірлерге де кеңейтуге болады», – деді ол.





