Екі жыл бұрын пайдалануға берілген білім ордасы бүгінде ауданның үздік мектептерінің біріне айналып үлгерген. Шара барысында мектеп ұжымы мен оқушылары осы уақыт аралығында жеткен жетістіктерін таныстырып, үздік мұғалімдер мен дарынды шәкірттер марапатталды.
Салтанатты жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, білім саласын дамыту мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Білімді ұрпақ – елдің болашағын айқындайтын басты күш” деп атап өткен болатын. Шынында да, сапалы білім – елдің ертеңін қалыптастыратын ең маңызды құндылықтардың бірі. Екі жыл бұрын Шелек ауылында заманауи мектептің ашылуы ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Соның арқасында үш ауысымды оқыту мәселесі шешіліп, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға жол ашылды», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы мектепке көрнекті ғалым, түрколог Әбдуәли Қайдардың есімінің берілуі үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
«Мұндай тұлғаның есімін иеленген мектептен елге қызмет ететін, білімді әрі тәрбиелі жастар шығатынына сенім мол. Қазір елімізде ойы озық, рухы биік жаңа буын қалыптасып келеді. Мұны сіздердің жетістіктеріңізден анық көріп отырмыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімінің айтуынша, соңғы төрт жылда өңірде 75 жаңа мектеп салынып, 75 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар 46 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған.
Сондай-ақ өңірде дарынды жастарды қолдауға бағытталған «Алатау дарыны» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде Қытайдың үш провинциясында Алматы облысының 57 түлегі білім алуда. Алдағы уақытта тағы 65 студентке грант беру жоспарланған.
Марат Сұлтанғазиев шетелде білім алып жатқан жастардың болашақта туған елге оралып, өңірдің дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.
Шара барысында облыс әкімі дарынды оқушылар мен білікті ұстаздарға Көлсай көліне туристік жолдама табыстады.
Сонымен қатар, Әбдуәли Қайдар атындағы мектеп қызметкерлері мен ауылдың дамуына үлес қосқан кәсіпкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Оқу озаттары, өнерпаздар, спортшылар және түрлі олимпиада мен байқаулардың жеңімпаздарына да ерекше құрмет көрсетілді.





