Оқиға Түрген шатқалына апаратын жол бойында болған. Жол жиегінде жайылып жүрген «зебраларды» байқаған полиция қызметкерлері олардың шын мәнінде боялған есектер екенін анықтаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жануарлардың иесі туристердің қызығушылығын оятып, демалыс аймағына келушілер санын арттыру мақсатында осындай қадамға барған. Ол жануарларды бояу үшін шашқа арналған бояуды пайдаланғанын айтқан.
Алматы облыстық полиция департаменті жануарлардың қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді.
«Алдын ала мәлімет бойынша, жануарлардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері аталған фактіге құқықтық баға беру және жануарларға қарау нормаларының сақталуын тексеру бойынша тиісті іс-шаралар жүргізуде», – деп хабарлады ведомство.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл оқиғаға түрлі пікір білдіруде. Бірі мұны турист тартудың ерекше тәсілі деп бағаласа, енді бірі жануарларға жасалған әрекетті сынға алған.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тексеру жалғасып жатыр.





