Жобалардың жүзеге асырылу барысымен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы танысып, шаруашылықтарды аралады.
Аймақ басшысы қазіргі таңда Ұйғыр ауданында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеретін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта Жамбыл, Іле және Ұйғыр аудандарында бос жатқан жайылымдық жерлерді айналымға қосып, суармалы алқаптарға айналдыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл – өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Ұйғыр ауданындағы ірі жобалардың бірі – Қалжат ауылында жүзеге асып жатқан «Harvest Agro» кәсіпорны. Жоба аясында егін шаруашылығына автоматтандырылған суару жүйелері, топырақты цифрлық талдау құрылғылары, ылғалдылық датчиктері және жасанды интеллект элементтері енгізілуде.
Компанияның негізгі мақсаты – су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы тұрақты әрі тиімді ауыл шаруашылығы моделін қалыптастыру.
2026-2029 жылдарға жоспарланған жобаның жалпы құны 18,2 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылған кезде 60 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жалпы көлемі 4500 гектар алқапта жыл сайын 20 мың тонна жүгері мен 4500 тонна мақсары өсіру жоспарланған. Өнімдер Орта Азия елдеріне, Қытай мен Иран нарығына экспортталмақ.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – жер асты суларын пайдалану арқылы заманауи суару жүйесін дамыту. Осы мақсатта 120 ұңғыма қазылып, 120 «Center Pivot» жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылады.
Қазіргі уақытта алғашқы кезеңде 1200 гектар жер игеріліп, мақсары егілген. Бүгінде 30 ұңғыма бұрғыланып, 30 жаңбырлатып суару жүйесін орнатуға дайындық жүріп жатыр.
Ұйғыр ауданындағы тағы бір ірі жоба – «Assem Kaljat» ЖШС. Компания 2500 гектар жайылымдық жерді суармалы алқапқа айналдырып, жүгерінің 12 түрін өсіруде.
Кәсіпорын аясында тереңдігі 180-200 метр болатын 59 ұңғыма қазылып, 40 шақырымнан астам электр желісі тартылған. Сонымен қатар 300 шақырымнан астам тамшылатып суару құбырлары орнатылған.
Шаруашылықта Claas және Case маркалы заманауи техникалар, дрон-шашыратқыштар мен автоматтандырылған агрегаттар пайдаланылады.
Өнімдер ішкі нарықпен қатар Өзбекстан, Қытай және Иран елдеріне экспортталмақ. Алдағы уақытта кәсіпорын жүгеріні өңдеу, сақтау және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыттар салуды жоспарлап отыр. Жобаға 23 миллион доллар инвестиция бағытталады.
Марат Сұлтанғазиев екі кәсіпорынның да тек егін егумен шектелмей, өнімді терең өңдеуге басымдық беріп отырғанын айтты.
«Гибридті тұқым өндіруден бастап, дайын өнімді сақтау мен өңдеуге дейінгі толық цикл қалыптасады. Бұл ауыл шаруашылығын индустриялық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, Ұйғыр ауданы үшін жүгері стратегиялық маңызы бар дақылдардың бірі саналады. Суармалы жағдайда оның өнімділігі гектарына 7-8 тоннаға дейін жетсе, озық технология қолданылған шаруашылықтарда 14-16 тонна өнім алуға болады.
Мамандардың пікірінше, аталған жобалар өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға тың серпін беріп, су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға, сондай-ақ жаңа ирригациялық инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді.





