Марқұмның қызының айтуынша, қайғылы оқиға 2026 жылдың 23 ақпанында болған.
«Оны аса қатыгездікпен өлтірді. Күректің ұшымен жасалған соққы дәл мойын тұсына тиген. Салдарынан әкемнің мойын омыртқасы сынған», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Туыстарының сөзінше, оқиға орнына алғаш болып жеткен әпкесі әкесінің әлі тірі жатқанын көрген. Оның айтуынша, жәбірленуші қатты қансырап жатқанымен, күдікті мен оның туыстары жедел жәрдем мен полиция шақырудың орнына шамамен жарты сағат бойы «келісіп алуды» ұсынған.
Кейін ер адам Ұзынағаш ауылындағы ауруханаға жеткізілген. Алайда туыстарының айтуынша, медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетіп, басын таңғаннан кейін жан сақтау бөлімін өздері іздеу қажеттігін айтқан.
Нәтижесінде отбасы науқасты Алматыға алып шыққан. Бірақ жол бойы оның жағдайы нашарлай берген. Ер адам Қалқаман ауруханасына жеткен кезде көз жұмған.
Марқұмның қызы күдіктіге Қылмыстық кодекстің «абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» бабы бойынша айып тағылғанына наразылық білдірді.
«Қандай абайсыздық? Адамды күректің ұшымен әдейі мойын тұсына ұру – жай ғана жарақат салу емес. Бұл – тікелей өлтіруге бағытталған әрекет. Бел тұсына жасалған соққы адамның сал болып қалуына әкелуі мүмкін, ал мойынға күрекпен ұру – адамның өміріне қасақана қауіп төндіру», – дейді марқұмның қызы.
Отбасы қылмыстық істі «Адам өлтіру» бабы бойынша қайта саралауды талап етіп отыр.
Алматы облыстық соты қылмыстық істің өндірісіне қабылданғанын растады. Негізгі сот отырысы 21 мамырға белгіленген.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.
«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары қадағалаушы органмен келісіліп, қарау үшін сотқа жолданды. Соңғы шешімді сот қабылдайды», – деп хабарлады полиция департаменті.





