Іс-шараны Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясы ұйымдастырды.
Демонстрациялық ұшу аясында қытайлық AutoFlight компаниясының электр қуатымен тік ұшып-қонатын PROSPERITY аппараты таныстырылды. 6 орынға арналған жаңа буын әуе көлігі қалалық және қала маңындағы бағыттарда жолаушылар тасымалына арналған. Аппараттың ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін жетеді, ал ұшу қашықтығы — 200 шақырым.
Іс-шара барысында қалалық әуе мобильділігі экожүйесінің негізгі элементтері де көрсетілді. Атап айтқанда, дрон арқылы жүк жеткізу технологиялары, төмен биіктіктегі әуе кеңістігін басқарудың цифрлық жүйелері және болашақ вертипорт инфрақұрылымының шешімдері таныстырылды.
Жоба AAAG компаниясының халықаралық серіктестермен бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында AutoFlight, Korea Airports Corporation, UrbanV, Keeta Drone және басқа да салалық ұйымдар бар.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама Қазақстан мен Орталық Азияда Urban Air Mobility бағытындағы технологияларды дамытуға, төмен биіктіктегі экономиканы қалыптастыруға және инновациялық көлік инфрақұрылымын дамытуға негіз болмақ.





