Тиісті меморандумға Марат Сұлтанғазиев пен Шен Яшар қол қойды. Келісім Қазақстан – Түркия бизнес-форумы аясында жасалған.
Келіссөздер нәтижесінде фармацевтикалық зауытты кеңейту бойынша қажетті іс-шаралар айқындалды.
Түркиялық дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар өндіретін Abdi Ibrahim Global Pharm компаниясының зауыты Іле ауданында орналасқан. Қазіргі таңда кәсіпорында жылына 24 миллион дана дәрі-дәрмек өндіріледі және 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жаңа келісім аясында 2026–2032 жылдары инвестиция көлемі кемінде 39 млрд теңгені құрайды деп жоспарланып отыр.
Оның ішінде:
- 8,85 млрд теңге – қатты дәрілік препараттар өндірісін жаңғыртуға;
- 30,15 млрд теңге – инновациялық биотехнологиялық дәрілер шығаратын модульдік блок құрылысына бағытталады.
Жоба іске асқан жағдайда кәсіпорында жылына 300 миллион қатты дәрілік препарат пен 1,5 миллион биотехнологиялық дәрі өндіріледі.
Мұнда онкологиялық, аутоиммундық, жүрек-қантамыр, сирек кездесетін және психоневрологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрілер шығарылмақ.
Мамандардың айтуынша, жоба ұзақ мерзімді инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылыми-технологиялық әлеуетті арттыруға, мамандардың біліктілігін көтеруге және әлеуметтік маңызы бар дәрілерді жергілікті жерде өндіруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ импортқа тәуелділікті төмендетіп, экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Әкімдік мәліметінше, 2022–2026 жылдар аралығында Алматы облысы мен Түркия арасында 53 кездесу ұйымдастырылған. Нәтижесінде логистика, тұрмыстық техника, кондитерлік және фармацевтикалық өнімдер өндіру бағытында жалпы құны 97,9 млрд теңгені құрайтын бес жоба іске қосылып, шамамен 2 500 жаңа жұмыс орны ашылған.
Өткен жылы Алматы облысы мен Түркия арасындағы тауар айналымы 230,8 млн АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде импорт көлемі 222,8 млн долларды, ал экспорт көлемі 7,9 млн долларды құраған.





