Ұлттық банк мәліметінше, Алтын Орда XIII–XV ғасырларда Еуразиядағы ең ірі мемлекеттердің бірі болған. Ол өңірдің саяси, экономикалық және мәдени дамуына айтарлықтай ықпал еткен.
Алтын Орда Шығыс пен Батыс арасындағы тұрақты сауда байланысын қамтамасыз етіп, Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық сауданың дамуына әсер етті. Сонымен қатар көпұлтты әрі көпконфессиялы кеңістіктің қалыптасуына да маңызды үлес қосқан.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, Алтын Орданың тарихи мұрасы Ұлы Дала өркениетінің сабақтастығын көрсетіп, қазіргі Қазақстан аумағындағы мемлекетшілдік пен мәдени бірегейліктің қалыптасуында ерекше орын алады.
Сол кезең қалалық мәдениеттің, қолөнердің, ақша айналымының және дипломатиялық қатынастардың дамуымен ерекшеленген.
«Коллекциялық монетаның шығарылуы тарихи жадыны сақтауға, мәдени мұраны дәріптеуге және мемлекеттіліктің қалыптасуындағы маңызды кезеңдерді көрсетуге бағытталған», – делінген хабарламада.
«Altyn Orda» монетасы алтын жалатылған 925 сынамалы күмістен жасалған. Оның салмағы – 62,2 грамм, диаметрі – 50 мм. Дайындалу сапасы – proof, номиналы – 2000 теңге.
Жалпы таралымы мың дана болады.
Монета Қазақстан теңге сарайында дайындалған.
Ұлттық банк мәліметінше, монета Қазақстан аумағында барлық төлем түрлері бойынша атаулы құнына сәйкес қабылдануға міндетті. Сонымен қатар оны банктік шоттарға аударуға, айырбастауға және барлық банктерде ұсақтауға болады.





