Ақ үй әкімшілігінің мәліметінше, құжат Тегеранға Пәкістан арқылы жеткізілген. Вашингтон ирандық тарапқа келісім шарттарын талқылау үшін бір ай мерзімге уақытша оқ атпау режимін енгізуді ұсынған.
Жоспардың негізгі талаптарының бірі – Иранның ядролық әлеуетін толық жою және болашақта мұндай қаруды жасауға талпынбау міндеттемесін алу. Сондай-ақ Натанз, Исфахан және Фордо қалаларындағы ядролық нысандарды істен шығарып, толық бөлшектеу қарастырылған.
Бұдан бөлек, құжатта ел ішінде уран байытуды тоқтату және 60 пайызға дейін байытылған уран қорын Халықаралық атом энергиясы агенттігіне (МАГАТЭ) тапсыру талап етіледі. Сонымен қатар Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін өтуін қамтамасыз ету мәселесі де қамтылған.
Егер Тегеран ұсынылған талаптарды қабылдаса, АҚШ Иранға қарсы енгізілген халықаралық санкцияларды толық алып тастауға дайын екенін білдірді. Бұған қоса, Вашингтон Иранға Бушер атом электр станциясы секілді нысандарда бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға қолдау көрсетуі мүмкін.
«Біз қазір келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олар келісімге келгісі келеді деп ойлаймын», – деді Дональд Трамп.
Айта кетейік, ұсынылып отырған келісім Таяу Шығыстағы шиеленісті төмендетуге бағытталған маңызды дипломатиялық қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр.




