Аймақ басшысы балалармен жүздесіп, олармен бірге ағаш көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ жас өрендерді табиғатты аялауға шақырып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
«Бүгінгі білімді, зерек, ізденімпаз балалар – ертеңгі елдің тірегі. Қазір білекке емес, білімге сенетін заман. Сондықтан уақытты тиімді пайдаланып, жақсы оқып, заманауи технологияларды меңгеруге талпынған жөн. Мемлекет тарапынан сендердің сапалы білім алуларыңа, спортпен айналысып, өнер мен шығармашылыққа бейімделулеріңе барлық жағдай жасалуда», – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар ол тәрбиешілердің еңбегін ерекше атап өтіп, олардың кәсіби біліктілігі мен жастарды отаншылдыққа тәрбиелеудегі рөліне алғыс білдірді.
Мерекелік шара барысында ұлттық нақышта безендірілген орталық алаңында тәрбиеленушілер өз өнерлерін көрсетіп, театрландырылған қойылым ұсынды. Балалардың ән айтып, би билеген көріністері ерекше әсер қалдырды.
Іс-шара аясында балаларға тосынсыйлар да жасалды. Танымал балмұздақ өндіруші «Шин-Лайн» компаниясы тәттілер таратып, компания басшысы Андрей Шин балаларды өндіріс барысымен танысуға шақырды. Сонымен қатар ол орталыққа ай сайын балмұздақ жеткізіп тұруға уәде берді.
Әкімдік тарапынан балаларға жас ерекшеліктеріне сай кітаптар сыйға тартылып, орталыққа музыкалық құрал-жабдықтар табысталды.
Кездесу барысында Марат Сұлтанғазиев балалармен подкаст форматында әңгімелесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Тәрбиеленушілердің бірі Виталий Коршев бұл күннің ерекше өткенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Өз кезегінде Алматы облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Айгүл Есімбекова өңірдегі балалардың құқығы мен қауіпсіздігі тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Оның айтуынша, орталықта тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.
Жалпы, Наурыз мерекесі аясында өткен бұл кездесу балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, олардың жүрегіне мейірім мен сенім ұялатты.





