Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасы базасында заманауи ангиографиялық қондырғымен жабдықталған рентген интервенциялық бөлімшесі – катетеризациялық зертхана ресми түрде ашылды.
Жаңа бөлімше Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында іске қосылды. Жоба ауылдық медициналық көмектің сапасын арттырып, жоғары технологиялық қызметтерді өңір тұрғындарына жақындатуға бағытталған.
Аурухана директоры Жәмилә Әбеуова бұл жетістік ауылдық денсаулық сақтау саласының жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
«Бұл – аудан медицинасы үшін үлкен қадам. Енді жоғары технологиялық медициналық көмек аудан тұрғындарына өз өңірінде қолжетімді болады», – деді ол.
Бөлімше іске қосылғаннан кейін дәрігерлер алғашқы пациенттерге коронарографиялық зерттеулерді сәтті жүргізді. Тексеру барысында бір науқаста тамырлардың күрделі асқынуы анықталып, жедел операция жасау қажеттілігі туындаған.
Нәтижесінде аудандық аурухана тарихында алғаш рет күрделі операция – коронарлық артерияларды стенттеу осы медициналық мекеме базасында орындалды. Бұған дейін мұндай операциялар үшін пациенттерді облыс орталығына немесе Алматы қаласына жеткізу қажет болатын.
Мамандардың айтуынша, жүректің ишемиялық ауруын диагностикалауда «алтын сағат» қағидатын қолдану дәрігерлерге қысқа уақытта дұрыс емдеу тактикасын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл науқастардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігін арттырады.
Жаңа бөлімшенің іске қосылуы жоғары технологиялық эндоваскулярлық көмекті ауыл тұрғындары үшін қолжетімді етті. Сонымен қатар диагноз қоюдан бастап операция жасауға дейінгі уақыт қысқарып, пациенттердің шығыны да азаяды.
Жоба Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы облысының әкімдігі қолдауымен жүзеге асырылды.
Инфрақұрылымды жаңғырту және ангиографиялық қызметті іске қосу аудан тұрғындары үшін сапалы әрі жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасын мамандандырылған кардиологиялық көмектің өңірлік орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.





