Instagram және Threads платформаларында 1 ақпаннан бастап дәрігерлердің ЭЦҚ қолдануы міндеттелетіні жөнінде жазбалар жарияланды. Кейбір медицина қызметкерлері енді қабылдауға жазбаны, ауру тарихын және жазылған рецепттерді ЭЦҚ арқылы растау қажет болатынын айтып отыр.
Пікір білдірушілердің арасында жұмыс жүктемесінің онсыз да көп екенін, ал күнделікті қызметте ЭЦҚ-ның аса қажеттілігі жоқ екенін алға тартқандар да бар.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл талаптың жаңа енгізілім емес екенін мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, электрон медициналық құжаттамада ЭЦҚ қолдану нормасы 2021 жылдан бері нормативтік-құқықтық актілерде бекітілген.
Министрліктің дерегінше, ЭЦҚ қолдану медициналық қызметтің нақты көрсетілгенін растауға бағытталған және ол дәрігер мен науқастың құқығын қорғауға мүмкіндік береді.
«ЭЦҚ медициналық жазбалардың ашықтығын қамтамасыз етіп, “қосып жазу” (приписка) және жалған дерек енгізу тәуекелдерін азайтады», – делінген хабарламада.
Ведомство қазіргі таңда ЭЦҚ арқылы растау алгоритмі дәрігерлер үшін қолайсыз екенін де мойындады. Себебі әр көрсетілген қызметтен кейін қол қоюды талап ету жұмыс процесін қиындатуы мүмкін.
Осыған байланысты жүйені оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрлік әкімшілік жүктемені азайту үшін ЭЦҚ-ны «бір рет басып растау» қағидатымен енгізу бойынша техникалық шешімдер әзірленіп жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар, ЭЦҚ жүйесін енгізу бірден жаппай жүзеге аспайтыны айтылды. Министрлік 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап барлық медициналық жазбаларды міндетті түрде ЭЦҚ-мен қол қою толық қамтамасыз етілмейтінін атап өтті.
Бұл тәсіл медицинада цифрлық құралдардың қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндіріледі.




