Вице-министр көпшілікті алаңдатқан сұраққа жауап бере отырып, қандай аударымдар күмән тудыруы мүмкін екенін нақты түсіндірді.
Ержан Біржановтың айтуынша, егер бір адамның есепшотына үш ай ішінде шамамен 100 түрлі адамнан ақша түссе, бұл жағдай тиісті органдардың назарын аударады.
«Той немесе туған күн деген сылтаумен ай сайын әртүрлі адамдардан ақша түсе беруі қисынға келе бермейді. Әріптестер арасында белгілі бір мақсатпен жиналған қаржы болса – ол түсінікті. Қандай да бір қажетіне деп ақша жинаса, оны да көріп отырамыз», – деді ол.
Вице-министр мәселе тауар немесе қызмет сату белгілері байқалған кезде туындайтынын атап өтті.
Оның сөзінше, егер азаматтың шотына әртүрлі тұлғалардан тұрақты түрде және әрқилы сомада қаражат түсіп отырса, бұл жасырын кәсіпкерлік қызметтің белгісі болуы мүмкін.
«Мұндай операциялар да назардан тыс қалмайды. Біз бәрін сараптап, талдаймыз», – деді Ержан Біржанов.
Сонымен қатар, Ержан Біржанов салық органдары күмәнді жағдай анықталған кезде бірден жаза қолдануға асықпайтынын айтты.
«Алдымен азаматқа хабарлама жіберіледі. Түсіндіру сұраймыз: не себепті шотыңызға үнемі түрлі адамдардан ақша түсіп тұрады? Яғни, алдымен диалог орнатамыз», – деп нақтылады ол.






