Ведомство мәліметінше, аталған нысандардың 46-сында құрылыс-монтаждау жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Вокзалдардың басым бөлігі кеңес дәуіріне дейін немесе кеңестік кезеңде салынған және соңғы 30–40 жылда күрделі жөндеуден өтпеген.
Баспасөз хабарламасында айтылғандай, ұзындығы 836 шақырымды құрайтын Достық – Мойынты теміржол желісі құрылысы толық аяқталып, Қазақстан – Қытай бағыты бойынша өткізу қабілеті бес есеге артты. Бұл халықаралық көлік дәліздері арқылы транзиттік жүк тасымалының өсуіне мүмкіндік берді.
Сонымен қатар ұзындығы 75 шақырым болатын Алматы қаласының айналма теміржол желісі жобасы аяқталуға жақын. Жоба транзиттік ағынды қайта бөлуге, сондай-ақ қаладағы экологиялық және көлік жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Жаңа теміржол желілері салынып жатыр
Қазіргі уақытта 323 шақырымдық Мойынты – Қызылжар теміржол желісі құрылысы басталды. Бұдан бөлек, ұзындығы 157 шақырым Дарбаза – Мақтаарал және 297 шақырымдық Аягөз – Бақты теміржол желілері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Техникалық тексеру нәтижесінде кейбір вокзалдар апатты жағдайда деп танылған. Мұндай ғимараттар толық бұзылып, олардың орнына заманауи әрі қауіпсіз жаңа вокзал кешендері салынуда.
Бағдарлама шеңберінде вокзал аумақтары кеңейтіліп, инженерлік жүйелер жаңартылады. Сонымен қатар ғимараттардың қасбеттері мен ішкі көрінісі, күту залдары мен жолаушылар платформалары жөнделеді. Санитарлық жағдай мен қауіпсіздік деңгейін арттыру да басты назарда.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жөндеу жұмыстарын облыстық әкімдіктер таңдаған мердігер ұйымдар жүргізеді. Қаржыландыру Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Жобаның негізгі мақсаты — Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын заманауи талаптарға және халықаралық сапа мен қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкестендіру.





