Асыл тұқымды құнажындар 2025 жылғы 19 желтоқсанда таңғы сағат 04:00 шамасында Алматы халықаралық әуежайы арқылы Талғар ауданында орналасқан «Алматы» асыл тұқымды зауыты» өндірістік кооперативінің базасына әкелінді. Бұл – өңірдегі сүтті мал шаруашылығы үшін бұрын-соңды болмаған маңызды оқиға.
Аталған кооператив сүтті бағыттағы ірі қара малын өсіру және сүт өндірісін арттыру бойынша жүйелі әрі тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта, шаруашылықта 2 593 бас «Голштин-Фриз» асыл тұқымды ірі қара бар. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша зауытта 7 420 тонна сүт өндіріліп, бір сиырға шаққандағы орташа сауым 4 230 килограмды құрады.
Биыл кооператив «СҚО тәжірибесі» бағдарламасы аясында 3 млн 480 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, «Сүт тауарлы фермасын кеңейту» инвестициялық жобасын іске асырды. Жоба аясында 3 желтоқсанда Ресей Федерациясынан 443 бас ірі қара әкелінді. Оның ішінде, 152 бас «Голштин-Фриз» асыл тұқымды құнажын және 291 бас «Джерси» сиыры. Ал 19 желтоқсанда Дания Корольдігінен тағы 513 бас, оның ішінде 161 бас «Джерси», 352 «Голштин-Фриз» асыл тұқымды ірі қаралар жеткізілді.
Осыған орай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аталған жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
«Сүт шаруашылығын дамыту – облысымыздың агроөнеркәсіптік саясатының басым бағыттарының бірі. Талғар ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба заманауи технологиялар мен жоғары өнімді асыл тұқымды малды енгізу арқылы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары сүт өндірісін ұлғайтып қана қоймай, ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді де көздеп отырмыз», – деді облыс әкімі.
Жобаның толық іске асырылуы аудан көлемінде сүт өндірісін екі есе арттыруға, ал облыс бойынша сүт өндіру және жеткізу көлемін 20 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл өңірдің аграрлық әлеуетін күшейтіп, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.
Айта кетейік, жыл соңына дейін «Алматы» асыл тұқымды зауыты шетелден әкелінетін асыл тұқымды құнажындардың жалпы санын 2 000 басқа жеткізуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта тағы бірнеше партия ірі қара малын жеткізу көзделуде.





