Семинар-тренингті Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Болатұлы Есболатов ашып, шараның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде әйелдердің қоғамдағы, басқару жүйесіндегі және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлінің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанда төтенше жағдайлар мен қақтығыстардың алдын алу және оларды реттеуде гендерлік теңдікті нығайту, сондай-ақ әйелдердің шешім қабылдау, медиация, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету процестеріне қатысуын арттыру.
Семинар барысында гендерлік теңдік пен гендерлік инклюзивтілік ұғымдары кеңінен талқыланып, әйелдердің көшбасшылық қабілеттерін дамыту, басқару жүйесіндегі рөлі, стратегиялық ойлау дағдыларын жетілдіру мәселелері қаралды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында әйелдердің басқарушы лауазымдарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету тетіктеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шараға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген нәзік жандылар, азаматтық қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Семинардың модераторлары ретінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Ивановна Тарасенко және гендерлік мәселелер бойынша ұлттық сарапшы, «Центр семейного успеха» қоғамдық қорының директоры Роза Мұхамедьяровна Бекишева сөз сөйледі.

Сондай-ақ медиацияның дауларды шешудегі тиімді құралы ретіндегі рөлі, әйел медиаторлардың тәжірибесі мен қатысуының маңыздылығы, алдын алу және қалпына келтіру әдістері нақты кейстер арқылы талданды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай семинарлар әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына, сондай-ақ елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.





