Әлеуметтік желіде тараған видеомен байланысты Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов өз парақшасында түсініктеме беріп, ойын дұрыс жеткізбегені үшін кешірім сұрады.
Әкімнің орынбасары Денсаулық сақтау министрімен Талғарда өткен кездесу кезінде қалың жұрттың жиналғанын атап өтті. Кездесуге әр қатысушы өзекті сұрақтарын қоюға асығып, нәтижесінде жиын регламент бойынша жоспарланған 2 сағат орнына шамамен 4 сағатқа созылған.
Келген азаматтардың ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар да болды. Кейбірі тік тұрып, кезектерін күтті. Кезегі келгенде залдағы бірнеше адам олардың сөзін бөліп, кедергі жасаған. Орынбасар бұл кезде регламентті сақтауға шақырғанын, бірақ орыс тілінде айтқан сөзінде қате кеткенін және ойын дұрыс жеткізе алмағанын мойындады.
«Құдай үлкен сынақ берген» деп айтуға ниеттенгенін, бірақ айтқан сөзінің көпшіліктің көңіліне, кейбіреулердің намысына тигенін түсінгенін және осы үшін кешірім сұрайтынын мәлімдеді.
Ол сондай-ақ, ауқымды іс-шараларда алдымен егде жастағы тұрғындар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жол беру маңызды екенін атап өтті. Қай жиын болмасын, оларды көп күттірмей, кезексіз тыңдау – адамгершілікке сай іс деп санайды.
Әкімнің бірінші орынбасары көтерілген әр сұрақтың әкімдік пен министрлік тарапынан назарға алынғанын, көпшілігіне сол жерде жауап берілгенін және қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынғанын айтты. Ол барлық қатысушыларға белсенділік танытқандары үшін алғыс білдірді.





