Құжат Алматы облысы мен Қытай арасындағы ақпарат және байланыс саласындағы өзара серіктестікті нығайтып, халықаралық ақпарат алмасудың жаңа кезеңін бастайды. Меморандумға сәйкес, тараптар әртүрлі бағытта бірлескен жобаларды жүзеге асырып, тәжірибе мен контент алмасуды дамытпақ.
Ынтымақтастық аясында Alataunews.kz агенттігі өз жаңалықтарын аспан асты елінің аудиториясына да тарата бастайды. Бұл — қазақстандық аймақтық ақпарат агенттігі үшін халықаралық деңгейге шығудың маңызды қадамы.
Құжатқа сәйкес, тараптар бірлескен конференциялар, шығармашылық кездесулер мен медиафорумдар өткізуге, журналистер мен редакторлар арасында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ екі елдің ақпараттық кеңістігіндегі өзекті тақырыптарды бірлесе насихаттауға уағдаласты.
«Бұл меморандум – өңірлік медиа саласын жаңа деңгейге көтерудің нақты қадамы. Енді біздің жаңалықтар халықаралық аудиторияға жол тартады. Бұл Алматы облысының жетістіктерін, мәдениеті мен экономикалық әлеуетін әлемге кеңінен танытуға мүмкіндік береді», – деді Alataunews.kz агенттігінің басшысы Азамат Сарғожин.
Меморандум өзара түсіністік пен серіктестікті нығайтуға бағытталған рамалық келісім болып табылады. Ол екі елдің ақпарат саласындағы байланысын кеңейтіп, жаңа форматтағы контент пен бірлескен медиажобаларды жүзеге асыруға жол ашады.





