Бұл туралы Алатау қаласы әкімінің «Жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешімінде көрсетілген.
Құжаттың мақсаты – төтенше жағдай туралы халықты дер кезінде хабардар ету. Шешім 17 қыркүйек күні сағат 12:00-ге дейін «Ашық НҚА» порталында орналастырылды.
Еске сала кетейік, қоқыс полигонындағы өрт 15 қыркүйекте басталып, әлі күнге дейін толық сөндірілген жоқ. Үшінші тәулік бойы жалғасып жатқан тілсіз жаумен күреске қосымша күш пен техника тартылды.
Кеше кешкісін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев оқиға орнына барып, өртті сөндіру барысымен танысты. Сондай-ақ өңірлік жедел штабта төтенше қызметтердің алдағы іс-қимылдары жан-жақты талқыланды.
Мамандар жағдайдың толық бақылауда екенін жеткізді. Қазіргі таңда полигон аумағында тәулік бойы сөндіру және рекультивациялау жұмыстары жүргізілуде.





