«Біздің елдеріміздің арасында әрдайым терең сенім бар, қарым-қатынасымыз қарқынды және тиімді түрде дамуда. Байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келеді. Соның арқасында елдеріміз берік әрі серпінді іскерлік қатынастардың іргетасын қалады. Қытай – жаһандық көшбасшы мемлекет, Қазақстанның түрлі бағыттағы, соның ішінде сауда саласындағы басты серіктесі. Бұл – Төраға Си Цзиньпиннің арқасы. Былтыр біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Қазіргі таңда Қазақстан тұрақты түрде дамып келеді. Біздің экономикамыз – Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Жалпы, жыл сайынғы өсім қарқынды деп айтуға болады. Осы жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнім 300 миллиард доллардан асады деген болжам бар. Бұл – экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және т.б. үшін қабылданған кешенді шаралардың нәтижесі. Сондай-ақ бұл – Қытаймен табысты қарым-қатынастың айқын көрінісі. Қазақстанда инвесторлардың құқықтары мен мүддесін қорғау үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Осы мақсатпен Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енгізіліп жатыр. Сонымен қатар Инвестициялық штаб жұмыс істеуде. Бұл құрылым шұғыл шешімдер қабылдап, инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетеді. Биылғы маусым айында Төраға Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға сапары барысында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды. Екі ел арасындағы визасыз режим де іскерлік байланыстарды кеңейтуге тиімді ықпал етуде. Шын мәнінде, біздің стратегиялық серіктестігіміздің әлеуеті зор. Қолда бар мүмкіндіктерді толыққанды пайдалану қажет», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың бірқатар басым бағыттарына тоқталды.
«Қазақстан Қытайдың жақын көршісі және сенімді серіктесі ретінде Төраға Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын қолдайды және оны жүзеге асыруға белсене қатысады. Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің жеріміз арқылы өтеді. Биыл «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылады. Соның арқасында Қазақстан арқылы өтетін «Қытай – Еуропа» транзит дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігі 5 есе артады. Сонымен бірге, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін кеңейтуге барынша атсалысуда. Былтыр осы бағыт бойынша 4,5 миллион тонна жүк өткізілді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 пайызға артық деген сөз. Біз осы саладағы жұмыс қарқынын одан әрі күшейте береміз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары арқылы тасымалданатын жүктің көлемі белсенді түрде артып келеді. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ірі инфрақұрылым жобалары іске қосылды. Соның ішінде Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистика терминалы және Сианьдағы құрғақ порт бар. Сондықтан қытай компанияларының көлік-транзит саласындағы жобаларға қатысуына мол мүмкіндік бар деп күмәнсіз айтуға болады», – деді Мемлекет басшысы.





