Жаңа оқу жылына дайындық аясында оқулықтарға шамамен 3 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік санаттағы 60 мыңнан астам оқушы мектеп формасы мен кеңсе тауарларымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, облыстағы 176 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтылса, ауылдық жерлердегі 35 мың оқушыға ас мәзірі тегін жеткізіледі.
2025 жылы өңірде 17 940 түлек мектеп бітіреді. Оның ішінде 1 432 оқушы «Алтын белгіге», ал 1 513 түлек үздік аттестатқа үміткер. Барлығы 7 681 түлек мемлекеттік грант иеленсе, облыс әкімінің бастамасымен қосымша 30 атаулы грант та бөлінбек.
Алматы облысының оқушылары халықаралық деңгейде де жетістіктерімен көзге түсіп жүр. Мәселен, «Дана» мектебінің оқушысы Ільжанов Жангир Грекияда өткен халықаралық экономика олимпиадасында үздік ондыққа енді. Ал өңірдің жас өнертапқыштары Дубайда өткен First Off-Season жарысында екі бірдей бас жүлдені жеңіп алып, робот техникасы бойынша әлем чемпионатына жолдама алуға мүмкіндік алды.
Білім инфрақұрылымы да дамып келеді. Биыл облыста 9 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешуге жол ашады.





