Аймақ басшысы аудан бойынша бұл бағыттағы жұмыс қарқынының тым төмен екенін атап өтіп, жерді тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығының дамуы мен өңір экономикасының өркендеуіне тікелей ықпал ететінін айтты.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтару – Мемлекет басшысының қатаң тапсырмаларының бірі. Бұл міндет елдің жер ресурстарын тиімді пайдалану, бос жатқан алқаптарды нақты жұмыс істейтін шаруаларға беру арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған.
Биыл Алматы облысында 366 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жері анықталды. Соның ішінде 49,7 мың гектары немесе 13,6 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жерлер алдағы уақытта ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізілмек.
Талғар ауданында жалпы көлемі 33,9 мың гектар бос жатқан жер тіркелген. Алайда оның небәрі 123 гектары (0,4 пайызы) ғана мемлекетке қайтарылған. Сонымен қатар, қоғамдық жайылым қорын толықтыру мақсатында 0,4 мың гектар жер бөлінді.
Облыс әкімі аудан басшылығына бұл жұмысты жеделдетуді және нәтижелілігін арттыруды тапсырды. Ендігі мақсат – қайтарылған жерлерді шын мәнінде еңбек ететін, өнім өндіруге ниетті шаруаларға беріп, ел игілігіне жарату.





