2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 1 трлн 745,9 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, аталған соманың ішінде:
-
564,7 млрд теңге – базалық зейнетақы,
-
1 трлн 181,2 млрд теңге – ынтымақты зейнетақы төлемдеріне бағытталған.
Орташа зейнетақы мөлшері қандай?
2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда зейнеткерлер саны – 2 млн 481 мың адамды құрады. Ал осы күнге белгіленген орташа жиынтық зейнетақы мөлшері 143 502 теңге болды.
Бұл соманың ішінде:
-
Ынтымақты зейнетақы – 95 814 теңге,
-
Базалық зейнетақы – 47 688 теңгені құрайды.
Зейнетақы мөлшері қалай өзгерді?
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ал ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға өсті. Бұл – инфляциядан 2%-ға артық өсім.
Министрліктің хабарлауынша, Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап келесі бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарғысы 120%-ына дейін кезең-кезеңімен өсіріледі деп жоспарланған.
Бұл бастама зейнеткерлердің өмір сүру сапасын жақсартып, әлеуметтік әділеттілікті арттыруға бағытталған.





