Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай мектеп бағдарламасына Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттейтін жаңа пән енгізуді ұсынды, деп хабарлайды alataunews.kz.
Депутаттың айтуынша, материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен дамытуда халықаралық тәжірибеге сүйену маңызды. Мәжілісте осы бағытта жеке заң жобасын әзірлеу ұсынылды.
«Біз пайдалы мен пайдасызды, құнды мен құнды еместі ажырата білуіміз керек. Материалдық емес мәдени мұраны мақтанышпен қорғап, сақтауға тиіспіз. Бұл мұраны жастарға жеткізу үшін оны мектеп бағдарламасына енгізу қажет. Осылайша, өскелең ұрпақ бұл құндылықтарды сақтауға үлкен жауапкершілікпен қарайтын болады. Алда бұл бағытта атқарылар жұмыс көп,» – деді Әлтай Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында.
Депутаттар қазақ тілін, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді, ертегілер мен салт-дәстүрді, әдет-ғұрыптарды сақтау және насихаттау мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.