Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары басталып, мердігер ұйым демонтаж жұмыстарын толық аяқтаған. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс алаңына барған жұмыс сапары барысында мәлім болды.
Бірнеше апта бұрын өңірде толассыз жауған жауын салдарынан Түрген өзені арнасынан асып, көпірді шайып кеткен еді. Айта кету керек, аталған нысан бұған дейін, 2024 жылы апатты деп танылған болатын.
Қазір көпірді қайта салатын мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары қарқын алған. Нысанда төрт бірлік арнайы техника мен оннан астам жұмысшы еңбек етуде. Құрылысқа бір апта бұрын кіріскен мердігерлер ескі көпірді бұзу жұмыстарын толық аяқтап, қазір бұрғылау кезеңіне дайындық жүргізіп жатыр.
Мердігер ұйымның мәліметінше, жаңа көпірдің құрылысы қараша айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі.
Құрылыс барысын бақылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл нысанның өңір тұрғындары ғана емес, туристер үшін де стратегиялық маңызы жоғары екенін атап өтті.
«Бұл көпір – тұрғындар мен туристер үшін маңызды нысан. Сондықтан жұмыс сапасы мен мерзімінде аяқталуына ерекше мән берілуі керек. Құрылыс барысында барлық техникалық талап қатаң сақталуы тиіс», – деді аймақ басшысы.
Өңір әкімдігі мәліметінше, жауапты мекемелер құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуын тұрақты бақылауда ұстайды. Жаңа көпір пайдалануға берілгеннен кейін Түрген бағыты бойынша көлік қозғалысы толық қалпына келеді.





