Президенттің айтуынша, құзырлы органдардың болжамына сәйкес, биыл кейбір өңірлерде алдымен су тасқыны, одан кейін құрғақшылық қаупі туындауы мүмкін.
«Құзырлы мекемелер биыл кейбір аймақтарда алдымен су тасқыны, содан соң құрғақшылық болатынын айтып отыр. Үкімет қазірдің өзінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеп қоюы керек. Тағы да айтарым, табиғи апаттарды болжау үшін цифрлық тәсілдерді пайдаланбасақ, жұмыстың бәрі босқа кетеді», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қажетті технологиялардың бар екенін атап өтіп, басты мәселе оларды қаншалықты жауапты әрі жүйелі түрде қолдануда екенін айтты.
«Бізде барлық қажетті технология бар. Бірақ олардың қаншалықты тиімді әрі жүйелі пайдаланылатыны маңызды. Мәселе – осында. Егіс алқаптары мен инфрақұрылымды қорғауға қажетті шаралар алдын ала қабылдануы тиіс», – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қиындық туындағаннан кейін ғана әрекет етпей, тәуекелдердің алдын алу қажет екенін ескертті.
«Әр жолы мәселе пайда болған кезде ғана жанталаспай, қиындықтың алдын алған жөн. Бұрынғы қателіктерге жол бермеу керек. Көктем де келіп қалды. Үкімет әкімдіктермен бірге су тасқынына қарсы шараларды сапалы жүзеге асыруға тиіс», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.





