«Кезек» порталындағы кезекті түгендеу нәтижесінде пәтерге мұқтаж емес 2295 адам анықталып, кезектен шығарылды. Бұл туралы Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев сейсенбі күні БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
Әкімнің түсіндіруінше, 469 адам жеке баспана сатып алуына байланысты, қалған 1826 адам басқа себептермен (қайтыс болуына, көшуіне, жұмысының ауысуына және т. б. байланысты) кезектен шығарылған.
Осыған дейін 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін 1108 баспана заңсыз берілгені анықталған еді (әзірге азаматтарды тұрып жатқан тұрғын үйге қоныстандыру туралы шешім шығарылған жоқ). Оның ішінде 360 пәтер жеке тұлғалар мен мемлекеттік қызметшілерге, 748 пәтер «Халықтың әлеуметтік осал топтары» санатындағы адамдарға құжатсыз берілген. Осы тізім бойынша мұрағаттық мәліметтермен салыстыру жүргізіледі. Оның ішінде 298 тұрғын үй «Береке» коттедж қалашығында, 450 пәтер Талдықорғанның көпқабатты тұрғын үйлерінде орналасқан. 96 адамның арызын сот қарастырып жатыр, — деп хабарлады әкім.
«Заңсыз жолмен баспана алған тұрғындар сот қаулысына сәйкес шығарылады. Бұл дегеніміз, адамдар баспанадан жалға беру қажеттілігі болмаған жағдайда ғана шығарылады», – деп атап өтті Әсет Масабаев.
Қала бойынша барлығы 16179 азамат кезекте тұр, олардың 6187-і бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және 9 992-ден астамы халықтың әлеуметтік осал топтары.