Оның айтуынша, бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналған. Себебі бұл құбылыс мемлекет дамуына кері әсер етіп қана қоймай, азаматтардың билікке деген сенімін төмендетеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң және Тәртіп» қағидаты – әділетті қоғамның негізгі тірегі. Заңның үстемдігі қамтамасыз етіліп, әр азаматтың құқығы қорғалған жағдайда ғана мемлекеттік басқарудың тиімділігі артып, қоғамның мемлекетке деген сенімі нығаяд», – дейді Елдос Ерғалиұлы.
Маманның сөзінше, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ең алдымен мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен есептіліктен басталады. Бұл үшін мемлекеттік қызметтің барлық саласында заң талаптарының сақталуы, шешім қабылдау процесінің айқындығы және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуы маңызды.
Ол ішкі мемлекеттік аудиттің бұл үдерістегі рөліне де тоқталды.
«Ішкі мемлекеттік аудиттің міндеті заң бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмейді. Біз олардың туындауына ықпал ететін себептерді жоюға, тәуекелдердің алдын алуға және мемлекеттік ресурстардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге басымдық береміз», – деді ол.
Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру және электрондық бақылау тетіктерін енгізу бағытында бірқатар реформалар жүзеге асырылып келеді. Сарапшының пікірінше, бұл өзгерістер адам факторын азайтып, басқару жүйесінің ашықтығын күшейтуге мүмкіндік береді.
«Ашықтық бар жерде әділдік орнығады. Ал әділдік – қоғамның тұрақты дамуының басты кепілі. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мемлекеттік органдардың ғана емес, әр азаматтың құқықтық мәдениетіне, заңға деген құрметіне және жеке жауапкершілігіне байланысты», – деді Елдос Ерғалиұлы.
Ол жастар арасында адалдық пен әділдік құндылықтарын қалыптастырудың маңызына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет ең алдымен отбасында, білім беру ұйымдарында және қоғамдағы жеке өнеге арқылы қалыптасады.
Алматы облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінде де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жасалып, мемлекеттік аудит барысында профилактикалық шаралар күшейтіледі. Сонымен қатар қызметкерлер арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қызметтік әдеп талаптарының сақталуына тұрақты бақылау жасалады.
«Біз заң үстемдігі орныққан, мемлекеттік басқаруы ашық әрі азаматтарының құқықтары қорғалған Әділетті Қазақстанды құруға ұмтылып келеміз. Бұл жолда әрбір мемлекеттік қызметші де, әрбір азамат та өз жауапкершілігін терең сезінуі тиіс. Адалдық – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның құндылығы. Заңға құрмет пен сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік өмір салтымызға айналғанда ғана біз болашақ ұрпаққа сенімді әрі дамыған мемлекет қалдыра аламыз», – деп түйіндеді Елдос Ерғалиұлы.





