Ақерке Амалят Беларусь Республикасының Витебск қаласында 14–20 шілде аралығында өткен халықаралық эстрадалық ән орындаушылар байқауында бірінші орынды иеленді. Биыл әлемге танымал өнер додасына 19 елдің үздік орындаушылары қатысқан.
Қабылдау барысында қала әкімі халықаралық байқаудағы жеңіс тек өнерпаздың ғана емес, тұтас өңірдің абыройын асқақтатқанын атап өтті.
«»Славян базары» – әлемдік деңгейдегі беделді өнер байқауларының бірі. Биыл 19 мемлекеттің таланттары бақ сынаған додада сіздің жеңіске жетуіңіз – тек жеке жетістік емес. Бұл Қонаев қаласының мәдени әлеуетін, қазақ өнерінің биік деңгейін әлемге танытқан үлкен жеңіс. Барша қала тұрғындарының атынан сізге алғысымды білдіремін. Алар асуыңыз биік, өнер жолыңыз әрдайым жарқын болсын! Сізге зор денсаулық, сарқылмас шабыт және жаңа жеңістер тілеймін!», – деді Асхат Бердіханов.
Салтанатты кездесуге әншіні халықаралық байқауға қатысуына қолдау көрсеткен демеуші, Қонаев қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сергей Горяной да қатысып, жеңімпазды құттықтады.
Өз кезегінде Ақерке Амаляттың анасы Гүлнұр Зұлқаршынқызы қызының жетістігіне қолдау білдірген қала басшылығы мен Қонаев тұрғындарына алғыс айтты. Кездесу соңында ол қала әкіміне өзінің авторлық туындысын сыйға тартып, ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, «Славян базары» – ТМД және Еуропадағы ең беделді халықаралық музыкалық байқаулардың бірі саналады. Биылғы додада Ақерке Амаляттың жеңісі Қазақстанның ғана емес, Қонаев қаласының мәдени жетістігі ретінде бағаланып отыр.





