Жоба аясында кітапхана жаңа технологиялармен жабдықталып, оқырмандар үшін қолайлы жағдай жасалған. Мұнда енді тек кітап оқу ғана емес, түрлі білім беру және шығармашылық мүмкіндіктер қарастырылған.
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева бұл өңірдегі екінші жаңғыртылған кітапхана екенін атап өтті.
«Өткен жылы мұндай жоба Қонаев қаласында жүзеге асқан болса, биыл Шонжыда жалғасын тапты. Алдағы уақытта Қарасай ауданындағы Жандосов ауылында және Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылында да осындай жаңартылған кітапханалар ашылады», – деді ол.
Жаңартылған кітапхана құрылымы да өзгерген. Мұнда балаларға арналған арнайы бөлімдер, оқу залдары, сондай-ақ жастарға арналған коворкинг орталығы жұмыс істейді.
Алматы облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кенешов мұндай кеңістіктердің жастар үшін маңызын атап өтті.
«Бұл – жастарға өз идеяларын дамытуға, жаңа бастамаларды іске асыруға, тіпті бизнес жобаларды қолға алуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Бүгінде аудандық кітапхана қорында 68 мыңнан астам кітап бар, ал оқырмандар саны 10 мыңнан асады. Нысанда 39 қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 29-ы – кітапханашы.
Жаңғыртудан өткен кітапхана енді аудан тұрғындары үшін мәдени және білім беру іс-шаралары өтетін маңызды орталыққа айналмақ.





