Бүгінгі таңда шетелдік көлік құралдарын заңнаманы бұза отырып елге әкелу жағдайлары жиілеп кетті. Атап айтқанда, ұрланған немесе кепілге қойылған, жалған нөмір тағылған және басқа да автомобильдерді пайдалану фактілері анықталып жатыр.
Мәселен, өткен жылы ғана басқа елдердің құқық қорғау органдарымен салыстыру қорытындысы бойынша Қазақстанға әкелінген 35 мыңнан астам автомобильдің банк тарапынан және заң бойынша шектеулері болғаны анықталды. Сонымен қатар 600-ден астам көлік елге әкелу кезінде ЕАЭО-ға мүше елдердің құқық қорғау органдарының іздестіруінде болып шықты.
Осыған байланысты Қазақстанға «проблемалық» автокөліктің әкелінуін алдын алу және жалпы көлік құралдарын әкелу ережелері әзірлену үстінде. Онда мұндай автомобильдер бойынша бақылауды күшейту тетіктері, тіпті оларды елге әкелуді шектеуге дейін көзделетін болады.
«Бұл ретте аталған шаралар Қазақстан Республикасының аумағына заңнаманы бұзбай әкелінген және пайдаланылатын шет мемлекеттерде тіркелген автомобильдерге қатысты қолданылмайды», — делінген ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарламасында.