Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектепте өткен кездесуде 10–11 сынып оқушыларына жоғары оқу орнына түсу талаптары, мамандық таңдау және ҰБТ ерекшеліктері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Университет өкілдері қатысушыларға арнайы ақпараттық материалдар таратып, қосымша кеңес алу үшін жеке байланыс нөмірлерін ұсынды.
Қазіргі таңда университет бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша мамандар даярлап, 6 мыңға жуық студентті қамтып отыр. Сонымен қатар, бірқатар мамандық студенттеріне АҚШ-та білім алу мүмкіндігі қарастырылған.
Университеттің студенттер қауымдастығының президенті Асанәлі Жанатұлы халықаралық бағдарламалардың нәтижесіне тоқталды.
«Кейбір мамандық студенттері АҚШ-тың Тусон қаласындағы Аризона университеті базасында бір семестр оқи алады. Барлық шығынды университет өтейді. 2025 жылдан бастап ІТ және биотехнология бағыттары бойынша 40 студент шетелде білім алды. Биыл бұл бағдарламаларға инклюзивті білім беру бағыты қосылып, 131 студентке мүмкіндік берілді», – деді ол.
Айта кетейік, «Serpin way» бағдарламасын Қозыбаев университеті елімізде алғаш рет өткен жылы іске қосқан. Жоба аясында студенттерге тегін оқу, жатақхана, шәкіртақы, жолақы және кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған.
Биыл жоба ауқымы кеңейіп отыр. Университет командасы Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарындағы 30-дан астам елдімекенді аралауды жоспарлап отыр. Оның ішінде 14 қала қамтылады. Жалпы сапар барысында 120-дан астам іс-шара өткізу көзделген.
Жоба жетекшісі Ғабит Мүсірепов бағдарламаның маңызын атап өтті.
«Сапардың басты мақсаты – ұлттық “Серпін” бағдарламасына жаңа серпін беру. Соңғы 10 жылда бұл жоба мыңдаған жасқа сапалы білім алып, кадр тапшылығы бар өңірлерде жұмыс істеуге жол ашты. Биыл біз 600 мың адамды қамтуды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Бүгінде университетте «Серпін» бағдарламасы аясында 130-ға жуық бірінші курс студенті білім алуда. Бұл көрсеткіш жобаның сұранысқа ие екенін және тиімділігін айқын көрсетеді.
Жалпы SERPIN WAY 2 керуені тек университетті таныстырумен шектелмей, жастарға сапалы білім алуға, кәсіби дамуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды алаңға айналып отыр. Алдағы уақытта керуен Іле, Қарасай және Жамбыл аудандарындағы мектептерде түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.





