Жауынгерлік даярлық аясында ұйымдастырылған сабақтардың негізгі мақсаты – оқу-жаттығуларды жоспарлау мен өткізудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру, бөлімшелерді басқару дағдыларын жетілдіру және жеке құрамның өзара іс-қимылын арттыру.
Сабақ барысында әскери қызметшілерге роталық тактикалық оқу-жаттығуларды дайындау мен өткізу тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ бөлімшелерді басқару ерекшеліктері және түрлі жағдайларда жеке құрамның үйлесімді әрекетін ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Даярлықтың практикалық бөлігіне ерекше назар аударылды. Әскери қызметшілер жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру, десант түсіруге дайындық және оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау сияқты кезеңдерді пысықтады.
Оқу-жаттығу сценарийлерін әзірлеу кезінде қазіргі қарулы қақтығыстар тәжірибесі мен ұрыс жүргізу тәсілдеріндегі өзгерістер де ескеріледі. Соның ішінде ұшқышсыз авиациялық жүйелер қолданылған жағдайда әрекет ету және оларға қарсы тұру мәселелері оқу бағдарламасына енгізілген.
«Бүгінде соңғы кездегі қарулы қақтығыстар тәжірибесін ескеріп, бөлімшелерді даярлауға қойылатын талаптар да өзгеруде. Командирлер жағдайды жедел бағалауға, шешім қабылдауға және қарсыластың іс-қимыл сипаты өзгерген кезде бөлімшелерді басқаруға дайын болуы керек. Сондықтан тиісті элементтер оқу-жаттығулардың сценарийлеріне енгізіліп, іс жүзінде пысықталады», – деді 32363 әскери бөлімінің жауынгерлік даярлық жөніндегі бригада командирінің орынбасары, гвардия подполковнигі Жәнібек Нұрланов.
Рота деңгейіндегі даярлық десанттық-шабуылдау бөлімшелерінің жауынгерлік машығын жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі саналады. Міндеттерді кезең-кезеңімен пысықтау бөлімше, взвод және рота құрамындағы әскери қызметшілердің өзара іс-қимылын үйлестіруге, сондай-ақ командирлердің басқару дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Мұндай нұсқаулық-әдістемелік сабақтар роталық тактикалық оқу-жаттығуларды ұйымдастырудың ортақ тәсілдерін қалыптастырып, әскери бөлімшелердің даярлық деңгейін арттыруға бағытталған.





