Алматы облысының Дін істері басқармасының мәліметінше, заңсыз діни оқыту дерегі 21 қазанда жүргізілген арнайы рейд барысында белгілі болған. Құзырлы органдарға түскен жедел ақпарат негізінде Ұзынағаш ауылында бірлескен тексеру ұйымдастырылған. Рейдке ювеналдық полиция, жергілікті полиция қызметі, прокуратура, облыстық Дін істері басқармасы, сондай-ақ ішкі саясат және білім бөлімдерінің өкілдері қатысқан.
Тексеру барысында А. есімді азаматтың жеке меншік нысанда кәмелетке толмаған балаларға араб тілі мен Құраннан заңсыз дәріс өткізіп келгені анықталған. Ведомство мәліметінде аталған азаматтың деструктивті діни ағымды ұстанатыны көрсетілген.
Оқиға анықталғаннан кейін білім бөлімі мен мектеп әкімшіліктерінің көмегімен балалардың ата-аналары шұғыл түрде шақырылған.
«Білім бөлімі мен мектеп әкімшіліктерінің үйлестіруімен оқиға орнына оқушылардың ата-аналары шұғыл түрде шақырылды. Жүргізілген құқықтық бағалау нәтижесінде балаларға заңсыз діни дәріс өткізген азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-бөлігі 1-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген облыстық Дін істері басқармасы таратқан хабарламада.
Аталған бап діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті қарастырады. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған ата-аналарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы аясында ескерту жасалған.





